Петропавлда полицейлер бейнекамералардың көмегімен велосипед ұрлығын ашты
Петропавлда полицейлер бейнекамералардың көмегімен велосипед ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлдағы бес қабатты үйлердің біріндегі бейнебақылау камераларының объективіне велосипед ұрлығы түсіп қалады. Сәуірдің 18-і кешке қала тұрғыны подъезде тұрған қос доңғалақты көлігінің ұрланғанын анықтап, полиция пунктіне жүгінген. Полицейлер бейнебақылау камераларына жазылған видеоларды зерделеген кезде, күдікті анықталып, ұсталды. Жазылған кадрларда ер адамның үстіндегі футболкасымен басын жауып, жасөспірімдер мінетін велосипедті қалай шығарып жатқаны көрсетілген. Алайда, қала тұрғынының мұндай жасырынған іс-әрекеті жауапкершіліктен құтылуға септігін тигізбеді. Полицейлердің назарына жәбірленушінің 38 жастағы көршісі іліккен. Шығын сомасы 20 мың теңгені құрады.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Аулалар мен кіреберістерде орнатылған бейнекамералар қылмысқа қарсы күрес жолында үлкен септігін тигізеді. Қала тұрғындары мен қонақтарынан мүліктеріңізді қараусыз қалдырмай, жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Велосипед құлыптарын пайдалануды, оларды үйде немесе бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған орында сақтауды ұсынамыз. Егер қылмыстық қол сұғушылық құрбаны болсаңыз, 102 пультіне дереу қоңырау шалу қажет, – дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.
Жыл басынан бері Петропавлда 13 велосипед ұрлығы тіркелді.