Петропавлда полицейлер мен педагогтар балаларды экстремизмнен қорғау жөнінде әңгімелесті
Петропавлда полицейлер мен педагогтар балаларды экстремизмнен қорғау жөнінде әңгіме жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балаларды экстремизм мен терроризмнен қорғау – осы мақсатта СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері профилактикалық жұмыс жүргізді.
Петропавлда полицейлер барлық деңгейдегі білім нысандарының, яғни балабақшадан бастап колледждердің басшыларымен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы қорғану саласындағы заңнаманы егжей-тегжейлі түсіндіріп, оқу орындарының техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар туралы еске салды. Сондай-ақ жарылғыш заттарды анықтау кезіндегі әрекеттер алгоритмі, объектіге мина салынғаны туралы хабарлама келіп түскен кездегі бастапқы ден қою шаралары, эвакуация және одан кейінгі әрекеттер қарастырылды.
– Жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше назар бөлінді. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жастарды құқыққа қайшы әрекетке тартатын экстремистер мен арандатушыларды жолықтыру қаупі жоғары. Бұндай қауіптердің жолын кесу үшін білім ұйымдарының басшыларына оқытушылардың және әлеуметтік педагогтардың ата-аналармен, балалармен жұмысты ұйымдастыруы жөнінде кеңестер берілді, – деді СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері білім беру және басқа да ұйымдардың басшылығымен, ұжымымен және техникалық персоналымен экстремизмнің және терроризмнің алдын алу жұмысын ұдайы негізде жүргізеді.