Петропавлда қалалық Полиция басқармасының басшысы студенттермен кездесті
Петропавлда қалалық Полиция басқармасының басшысы студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қалалық Полиция басқармасының басшысы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен кездесті. Қалалық полицияның бастығы Жандос Мұқатов жастарға өздерін және мүлкін маусымдық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардан қорғау туралы айтты, сондай-ақ тәртіп сақшылары жергілікті полиция қызметін реформалау және полиция жұмысының сервистік моделін енгізу туралы ақпарат беріп, кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізді.
Жандос Мұқатовтың айтуынша, Петропавлда жазда тіркелетін, мүліктік қылмыстардың ішінде кең таралғандарының бірі – велосипед ұрлығы. Ұрылардан велосипедті сақтаудың басты қағидасы – оны қараусыз, бейнебақылау камералары мен куәгерлердің назарынан тыс жерге қалдырмау. Бүгінгі таңда айдап әкетуге қарсы бірде бір құрылғының велосипедтің ұрланбауына жүз пайыз кепілдік бермейтіндігін естен шығармаған жөн. Сондай-ақ қалалық полиция басшысы студенттердің салауатты өмір салтын ұстанып, есірткі қылмысына қарсы тұруға назарын аудартты. Жыл басынан қалада есірткі қылмысының 55 фактісі анықталды, оның ішінде 34 өткізу фактісі. Заңсыз айналымнан 16 келіге жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде бір келіден астам синтетикалық психобелсенді зат алынды. Полицейлер есірткіні қолдану психика мен денсаулықты бұзатынын, ал оны тарату қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылуға әкелетінін атап өтті.
Кездесудің бір бөлігі интернет-алаяқтықты ескертуге арналды. Желідегі алаяқтардан сақтану жолдарын біліп қана қоймай, жақындарға, көрші-қолаңға жеткізу маңызды.
“Балалар жылы” шеңберінде және жазғы мектеп демалысы келісімен полицейлер кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысын күшейтуде. Жыл басынан облыс орталығында ювеналдық полициямен 86 рейд өткізілді, рейд кезінде 499 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жасөспірімдердің түнде тұрғын үйден тыс жүргені үшін 341 әкімшілік хаттама, ұсақ бұзақылық үшін 15 хаттама толтырылды. Өз кезегінде СҚУ ректоры Ерлан Шұланов студенттік қалашықты патрульдеу ауқымын кеңейту қажеттігін атап өтті.
Кездесудің соңында полицейлер полициядағы қызметтің артылықшылықтары жөнінде, қызметке орналасу және үміткерлерге қойылатын талаптар туралы жан-жақты айтып берді.