Петропавлда қазақ күресінен ІІМ-нің екі күндік спартакиадасы өтуде
Петропавлда қазақ күресінен ІІМ-нің екі күндік спартакиадасы өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда қазақ күресі бойынша ІІМ-нің республикалық спартакиадасына үздік палуандар жиналды. Екі күндік спартакиадаға Полиция департаменттерінің 18 құрама командаларынан, “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамы орталық кеңесінің 8 командасынан 150 палуан қатысуда. Сайыс 66 кг-нан 100-ге дейін және 100-ден артық килограмм салмақ дәрежелері бойынша өткізіліп жатыр.
Спорттық іс-шараның ашылу салтанаты Александр Винокуров атындағы Спорт сарайында өтті. Ашылу салтанатына СҚО Полиция департаменті бастығы Айдын Қабдұлдиновпен бірге облыстағы барлық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев кәсіби спортшылардың және күштік құрылымдар қызметкерлерінің арасында ұлттық күрестің танымалдылығы артып келе жатқанын атап өтті. Осындай форматтағы спорттық іс-шаралар ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға, ұлттық күресті жаңа деңгейге көтеруге, қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығын және рухын нығайтуға көмектеседі.
Қатысушылар мен көрермендер алдында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, алғашқы кезекте барлық полицейлерді Қазақстан полициясының 30 жылдығымен құттықтап:
– Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі полицейлердің, жекелей алғанда, осы жарысқа қатысушылардың күшімен қамтамасыз етіледі. Бұл қиындығы мен жауапкершілігі мол, ауқымды жұмыс. “Динамо” ДШСҚ бастамасымен ұйымдастырылған жарыстың қазақ күресінен өтіп жатқандығы қуантады. Қазақ күресі – ұлттық спорт түрі, – деп атап кетті.
Сондай-ақ, құттықтау сөзбен “Динамо” ДШСҚ орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов сөйледі. Іс-шараға өңірлердегі “Динамо” ДШСҚ төрағаларының орынбасарлары, ардагерлер шақырылды және барлық келемін деушілерге есік ашық болды. Спорттық мерекенің ашылу салтанатының құрметті қонағы ретінде Пекинде өткен 2022-Паралимпиада ойнының қола жүлдегері Александр Герлиц және кәсіби боксшы, спорт ардагері Жанат Жақиянов қатысты.
Ақтық тартыс және жарыстың жабылу салтанаты сәуірдің 23-і өтеді. Чемпиондар “Динамо Барысы” белбеулерімен, кубоктармен және грамоталармен марапатталады.