Петропавлда скутер жүргізушісі зейнеткерді қағып кетті
Петропавлда скутер жүргізушісі зейнеткерді қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз келісімен жолда мопедтер мен скутерлер пайда болады. Осыған орай полицейлер жол-көлік оқиғаларының жолын кесу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді нығайту бойынша профилактикалық жұмысты жүргізеді.
Тәжірибе көрсеткендей, екі дөңгелекті көліктің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін толық білмейді. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер де оларды жол қозғалысының толыққанды қатысушылары ретінде қабылдамайды. Бұл апатты жағдайға алып келуі мүмкін.
18 мамыр күні Егемен Қазақстан және Қазақстан Конституциясы көшелерінің қиылысында жолды белгіленбеген жерден қиып өтпек болған Петропавл қаласының 75 жастағы тұрғынын WorteX скутерін тізгіндеген 16 жастағы студент қағып кеткен.
Зейнеткер медициналық мекемеге жеткізіліп, көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.
– Қала тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша хаттама толтырылды. Барлық жол қозғалысы қатысушыларын ЖҚЕ қатаң сақтауға шақырамыз. Мәселен, жыл басынан облыс орталығында жаяу жүргіншілер мен жол жүрісіне өзге де қатысушылардың тарапынан, оның ішінде велосипедшілерді, гироскутер, электр самокаттардың иелерін қосқанда екі мыңға жуық ЖҚЕ бұзушылығы тіркелді, – деді Петропавл қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.