Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда учаскелік инспекторлар 18 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады

Жыл басынан Петропавлда учаскелік инспекторлар 18 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызмет көрсететін аумақты күнде аралау, халықпен жиналыс өткізу – учаскелік полиция инспекторлары жұмысының міндетті бөлігі. Халық тынысымен таныс болу, өзекті мәселелерді білу – тиімді жұмыстың міндетті шарты. Жиі кездесетін мәселелер қатарында – интернет-алаяқтық, көп қабатты үйлердің ауласындағы көлік тұрақтары, белгіленбеген жерге қоқыс тастау.

Қыркүйек айы басталғалы Петропавлда Батыр Баян көшесінде балабақша маңындағы қоқыс орны жойылды. Бұл мәселе бойынша полицейлер жалпы пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін 20-дан астам әкімшілік хаттама толтырған. Алайда, мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ, кейбір қала тұрғындары әлі де қоқысты сол «бұрынғы» орынға тастауда. Бірер күн бұрын өтіп бара жатқан адамдар көлік тізгіндеген әйелдің жиналған қоқыс орнына тоқтап, баласын қоқысты тастауға жібергенін түсіріп алған. Учаскелік полиция инспекторы құқық бұзушыны әлеуметтік желіде жарияланған жазба бойынша бейне бақылау инспекторларының көмегімен анықтаған. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша жауапқа тартылды.

– Сондай-ақ жиналыстарда үй аулаларында көлік қою мәселесі жиі қозғалып жатады. Учаскелік инспекторлар бұндай мәселелер тұрғындардың жалпы жиналысында шешілуі қажет екенін түсіндіреді. Тағы бір жиі қозғалатын мәселе – интернет-алаяқтық. Әр кездесуде түрғындар күмәнді адамдардың қоңырау соққандары туралы айтып жатады. Полицейлер желідегі алаяқтардың айласын түсіндіріп, жадынамалар таратады. Тұрақты негізде жүргізілетін алдын алу жұмысы өз жемісін берді: бүгінгі таңда қала тұрғындарының көбі қауіп туралы біледі, банктің қауіпсіздік қызметінен келіп түсетін жалған қоңырауларды үзіп, бірден әңгімені тоқтатады, – деді Петропавл қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Учаскелік инспекторлар жиналыста қозғалған әрбір проблемалық сұрақты назарға алады. Жыл басынан Петропавлда УПИ қызметі қызметкерлеріне халықтан 16 мыңға жуық арыз бен өтініш келіп түскен. 18 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жеке іздестірумен 558 қылмыс ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру