Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда ювеналдық полиция түнгі рейдтер барысында 12 құқық бұзушылықты анықтады

Жазғы демалыс кезеңінде Солтүстік Қазақстан облысында ювеналдық полиция қызметкерлері балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруінің алдын алу мақсатында күшейтілген рейдтер өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшыларының назарына ойын-сауық орындары, компьютерлік клубтар, саябақтар және жасөспірімдер көп жиналатын өзге де орындар алынған.

Кезекті рейд барысында дәмханалардың бірінде кәмелетке толмаған үш қызметкер анықталды. Олардың екеуі – мектеп оқушысы, біреуі – колледж студенті. Үшеуі де 17 жаста болғанымен, жасөспірімдердің түнгі уақытта жұмыс істеуіне жол берілген. Осы факті бойынша мекеме иесіне қатысты әкімшілік шара қолданылып, жиналған материалдар еңбек инспекциясына жолданды.

Сонымен қатар полицейлер түнгі уақытта көшеде жүрген 17 жастағы мектеп оқушысын анықтады. Жасөспірім анасы оны тастап кеткенін айтып, онымен байланыса алмай жүргенін жеткізген. Алайда Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілгеннен кейін қыз анасымен байланысып, үйіне қайтқысы келетінін білдірді.

Тексеру барысында анасы қызының түнгі уақытта үйден тыс жүруіне бұған дейін де бірнеше рет жол бергені анықталды. Осыған байланысты оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Жалпы бір түн ішінде Петропавл қаласында ювеналдық полиция қызметкерлері 12 түрлі құқық бұзушылықты анықтады.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай рейдтердің мақсаты – жасөспірімдерді жазалау емес, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру