Жамбыл облысында полицейлер лагерьлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Жамбыл облысында полицейлер балалардың жазғы сауықтыру лагерьлеріндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазғы демалыс кезеңінде Жамбыл облысында сауықтыру лагерьлерінде тынығып жатқан балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында полиция қызметкерлері мемлекеттік органдармен бірлесіп құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Облыстағы барлық қала сыртындағы, спорттық және мектеп жанындағы лагерьлерге полиция қызметкерлері бекітілген. Қала сыртындағы алты лагерьде профилактикалық жұмыстарды 43 полиция қызметкері жүргізуде.
Тәртіп сақшылары балалармен тұрақты түрде кездесіп, қауіпсіздік ережелері, жеке жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар құқықтық мәдениет пен заңға бағыну қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған танымдық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырады.
Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылады. Экскурсиялар мен көшпелі іс-шаралар барысында балаларға суда өзін-өзі ұстау ережелері, сақтық шараларын сақтау және ересектердің тұрақты бақылауында болудың маңыздылығы түсіндіріледі.
Бұдан бөлек, биылғы мамыр айынан бастап полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерімен бірлесіп балалардың жаппай демалатын орындары мен су айдындары маңында 442 рейдтік іс-шара өткізді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – әрбір баланың жазғы демалысын қызықты әрі мазмұнды ғана емес, ең алдымен қауіпсіз өткізуін қамтамасыз ету.
