Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда жол жүрісі қағидаларын бұзған жүргізуші WhatsApp-тың көмегімен ұсталды

Петропавлда жол жүрісі қағидаларын бұзған жүргізуші әлеуметтік желілер мен WhatsApp-тың көмегімен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстікқазақстандық полицейлер екі күн бойы «Жолда қабылдау» акциясы шеңберінде әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. СҚО Полиция департаментінің Instagram және Facebook желілеріндегі ресми аккаунтарынан ұзақтығы 320 минуттан асқан 8 тікелей эфир өткізілді. Тәртіп сақшылары тұрғындардың сауалдарын Call-орталық пен WhatsApp қосымшасы арқылы да қабылдады.

Акцияның алғашқы күні мессенджерге қала тұрғынынан Жол жүрісі қағидаларын бұзу туралы видео жарияланған Instagram пабликтің сілтемесі келіп түсті. Бейнетіркеуішке Лада автокөлігі жүргізушісінің Н.Назарбаев пен Мұқанов көшелерінің қиылысында Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, апатты жағдай жасағаны жазылған. Бұл жазба бірден Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальонына берілді. Ереже бұзушы анықталып, ұсталды. Ол облыс орталығыныфң 1983 жылы туған тұрғыны болып шықты. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің бірден үш бабы – 596-баптың 2-бөлігі (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу), 595-бап (Маневр жасау қағидаларын бұзу), 601-бап (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) бойынша хаттама толтырылып, Петропавл қ, Мамандандырылған әкімшілік сотына процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді.

«Жолда қабылдау» барысында келіп түскен сұрақтардың басым бөлігін полиция қызметкерлері әлеуметтік желілердегі тікелей эфирде қабылдады. СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Назар Байматовтың айтуынша, екі күнде облыстық полиция аппаратының қызметкерлеріне 129 сұрақ келіп түсті. Жалпы, облыстық, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері 507 сұрақты қабылдап, толыққанды жауаптар берді. Желі қолданушыларын көбінесе патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, жол қозғалысын ұйымдастыру, сондай-ақ көші-қон және автокөліктер мен қаруды тіркеу сұрақтары қызықтырды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен «Жолда қабылдау» акциясы қайта бастау алды. Акция айына бір рет, күздің соңына дейін жүргізілмек. Жалпы, соңғы екі жылда «Жолда қабылдау» аясы аясында Солтүстік Қазақстан полициясына осы сервистік үлгідегі жұмыс форматында түрлі сауалдар, ақпараттар мен тілектер, қызметкерлердің мінсіз қызметі үшін алғыстар түріндегі бес мыңнан астам сұрақ келіп түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру