Петропавлда жыл басынан тыныштықты бұзудың 800-ден астам фактісі тіркелді
Петропавлда жыл басынан тыныштықты бұзудың 800-ден астам фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Пәтерлерді жөндеу, көршілердің дау-жанжалы және қабырғаның ар жағындағы дауысы қатты қойылған музыка – петропавлдықтар мұндай фактілерге жиі шағымданып, тыныштықты бұзу фактісі бойынша «102» арнасына жүгінеді. Өткен демалыс күндері полицияға осындай 7 шақырту түсті. Жұма күні түнгі сағат 11 шамасында қала тұрғыны «102» арнасына қоңырау шалып, қала орталығындағы шулы топтың жиналғанын хабарлады. Полицейлер көліктегі музыканы бар дауысына қосқан 20 және 22 жастағы екі азаматты анықтады. Уақытты шулы өткізген жастар 437-бап (Тыныштықты бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Баптың санкциясы жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.
– Мұндай фактілерді болдырмау үшін олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Еске сала кетейік, жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін шу шығаруға тыйым салынады. Егер сіз түнде тыныштықты бұзғанға куә болсаңыз, «102» пультіне қоңырау шалыңыз немесе учаскелік полиция инспекторларына жүгініңіз, – дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.
Жыл басынан Петропавлда полицейлер түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактісі бойынша 802 қоңырау қабылдады.