Петропавлдық алаяқ зейнеткерлерді «ақша ауысады» деп алдаған
Петропавлда зейнеткерлерді «ақша ауысады» деген жалған ақпаратпен алдаған алаяқ ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.
Полицияға 78 бен 99 жас аралығындағы қаланың бірнеше тұрғыны арызданған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын үш миллион теңгеден асады.
Өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған əйел зейнеткерлерді профилактикалық тексеріс жүргіземін деп сендірген. Əңгіме барысында алаяқ оларға зейнетақыға үстеме ақша қосылатынын немесе бір айға 42 500 теңге түсетіндігін айтып, ал екінші айдан бастап ақша ауысатынын хабарлаған. Осылайша əлгі əйел зейнеткерлердің бар қаражатын кезек күттірмей ауыстырып бере алатындығын жеткізген. Аталмыш жаңалықты естіген қарттар өздерінің жинаған ақшаларын алаяққа көрсеткен. Əйел қарт адамдарды жуынатын бөлмеге анализ сынамаларын өткізуге дайындалуға жіберіп, ал өзі барлық ақшаны алып, көзден таса болған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері алаяқтың жеке басын анықтай алды. Ол осыған ұқсас қылмысы үшін Нұр-Сұлтанда бұрын сотталған 43 жастағы әйел болып шықты. Олар қаскүнемді тағы бір сәтті қылмысынан кейін автобуста келе жатқан жерінен ұстады.
Қазіргі таңда тəртіп сақшылары қарттар тұратын пәтерлерді дəл тауып отырған алаяққа кімнің көмектескендігін анықтау үстінде.