Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлдық полицейлер бірыңғай базаға 1212 велосипед туралы мәлімет енгізді

Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері бір күнде үш велосипед ұрлығын жасады деген күдікпен кәмелетке толмағанды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Таңертең екінші қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Залманов көшесіндегі үйлердің бірінде “Десна” маркалы велосипедтің ұрланғаны туралы арыз келіп түскен. Арызданушы велосипедті ұлының туған күніне сыйға сатып алған екен. Сондай-ақ, сол күні таңертең орын алған ұрлық орнынан жақын маңда Абай көшесінде екі велосипедтің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түседі.

Екінші полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде велосипед ұрлады деген күдікпен Жұмысшы кентінің 17 жастағы тұрғынын ұстады. Бұған дейін жасөспірім түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапқа тартылған болып шықты. Жауап алу барысында ол “Десна” велосипедін ұрлап, Абай көшесіне барғаны, бір үйдің подъезінде қымбаттау велосипедті байқағаны белгілі болды. Бір велосипедті қойып кетіп, екіншісіне мінген, кейін Ружейников көшесінен үшінші велосипедті қолды қылып, өтіп бара жатқан адамға 20 мың теңгеге сатып жіберген.

Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықовтың айтуынша, қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полицейлер қала тұрғындарын екі доңғалақты көліктерін бейне бақылау камералары бар жерге қойып, айдап әкетуге қарсы сапалы құрылғыларды пайдаланып, қандай жағдай болмасын велосипедті қараусыз қалдырып кетпей сақ болуға шақырады.

Айта кетейік, қалалық Полиция басқармасында велосипедтердің деректер базасы жұмыс істейді, ол велосипедтердің нөмірлері, маркалары, түсі және иелерінің байланыс деректері туралы ақпаратпен ұдайы негізде толықтырылып тұрады. Жыл басынан базаға 1212 велосипедке қатысты мәлімет енгізілді. Бұл мәліметтер полицейлерге ұрланғанды жылдам анықтауға, қылмысты ашуға көмектеседі. Базаға велосипед туралы мәлімет енгізу үшін бар болғаны қаланың кез-келген учаскелік пунктіне барып, арнайы сауалнаманы толтыру қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру