Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлдық полицейлер велосипед ұрысын ұстады

Петропавлда полиция қызметкерлері бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

(Велосипед ұрысы: 0:42 – 2:59)

Күдіктінің ісінде жеті эпизод бар, оның осындай басқа да қылмыстарға қатысы тексерілуде. Велосипедтер көбінесе күндіз қаланың түрлі аудандарында жоғалған. Қаскөй бейне бақылау жүйесіне қосылмаған үй подъездерінде ұрлық жасаған, ішке тұрғындардың есікті ашуын күтіп кірген.

Көп жағдайда спорттық велосипедтерді, кейде жасөспірімдерге арналған екі доңғалақты көлікті қолды қылған. Жәбірленушілердің ең кішкентайы 12 жаста. Ол жаңа велосипедімен тек бір апта ғана жүріп үлгерген. Полицейлер оның ұрланған велосипедін өзіне қайтарды.

Қылмыс орындарының маңында орналасқан бейнекамералар жедел уәкілдерге күдіктінің ерекше белгілерін анықтауға көмектесті. Ұсталған ер адам бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Одан ұрланған жеті велосипед алынды.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұрын жауапкершілікке тартылған 24 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны ұсталды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық істер қозғалды, – деді Петропавл қаласы ПБ Екінші полиция бөлімінің тергеушісі Әсет Мұқышев.

Полицейлер қала тұрғындарына төмен бағамен көп жағдайда қолды болған заттар сатылатыны туралы ескертеді. Бұндай «тауар» тергеу органдарымен заңды иелеріне қайтарылатынын атап өткен жөн. Тәртіп сақшылары екі доңғалақты көліктің иелерін велосипедтерін қараусыз қалдырмауға, мініп кетуге қарсы құрылғыларды пайдалануға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру