Полицейлер 10 жастағы балақайдың арманын орындады
Атырау облысының полицейлері 10 жастағы балақайдың арманын орындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Исатай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түсті. Онда ол полиция қызметкері болуды армандайтын және нағыз патрульдік көлікке мінгісі келетін 10 жастағы ұлының қалауымен бөліскен болатын.
Заңғар полиция қызметкері болуды, бірақ бәрінен бұрын ол полиция қызметкерлерімен бірге олардың көліктеріне отырып көруді армандайды. Полицейлер баланың анасының өтінішін жерге қалдырмай, балаға ғажайып көңіл-күй сыйлауды жөн көрді.
Полицейлер балақайды қызметтік көліктеріне отырғызып, аудан орталығын аралап, оларға патрульдік автокөлікпен естен кетпес экскурсия ұйымдастырды. Кешкілік олар патрульдік полиция жеке құрамының күн сайын өткізілетін саптық жиынына барды. Күн сайын полицияның үлкенді-кішілі ойыншық көліктерімен ойнайтын бала кенеттен полицейлердің нағыз автокөліктерінің ортасына түскенде ерекше сезімге бөленді.
Одан бөлек, кішкентай Заңғар үшін бұл күннің ұмытылмастай болғанын қалаған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері балаға тәтті сыйлықтарды табыс етті. Балақай полиция қызметкерлерімен естелік суретке түсті.