Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полицей болғысы келетін үміткерлерге ашық есік күні өтті

Түркістан облысында полицей болғысы келетін үміткерлерге ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің Азаматтарды қабылдау бөлмесінде болашақ полицейлермен кездесу өтті. Яғни, Кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаровтың қатысуымен ашық есік күні ұйымдастырылды.

Іс-шараға Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түскісі келетін 10-ға тарта үміткер арнайы келді. Шараның негізгі мақсаты – ішкі істер органдарына оқуға түсуге ниетті үміткерлермен кездесіп, жастарды оқуға шақыру. Сондай-ақ, оларға құқық қорғау саласына қабылдану үшін не істеу керек, қандай құжаттар жинақтау керектігін түсіндіру де назардан тыс қалмады.

Кездесу кезінде полицейлер келген үміткерлермен жеке-жеке сұхбат жүргізді. Олардың сауалдарына нақты жауап, құқықтық кеңес берілді. Мақсат Асқаров жастарға оқуға қабылдану үшін қажетті басты талаптарды айтты.

– Ішкі істер саласы өте қиын әрі қауіпті сала. Мұнда қызмет ету үшін асқан жауапкершілік, шыдамдылық қажет. Бойымызда Отанға деген сүйіспеншілік жалындап тұру керек. Сондықтан сіздерді нағыз ел қорғайтын жастар деп сенеміз. Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Ал полицей болсам деген армандарыңыз орындалсын дегім келеді. Ол үшін сіздер талапқа сай болуларыңыз қажет. Атап айтсам, жас 18-35 аралығында, орта, жоғарғы білімі бар, ұлдар үшін бойы 170 см-ден кем емес, қыз баласы үшін 165 см-ден төмен болмауы шарт. Сондай-ақ, ер азаматтар үшін әскери билеттің болуы маңызды, – деді М. Асқаров.

Полицейлер өз кезегінде келушілердің арасында талапқа сай келетіндерінің құжаттарын жинақтап, Ішкі істер министрлігіне жолдайтындықтарын айтты. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру