Полицейлер құмар ойыннан зардап шегетін ақмолалықты іздеп тапты
Полицейлер құмар ойыннан зардап шегетін ақмолалықты іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция қызметкерлерінің арасынан арнайы топтар Астана қаласы мен бүкіл облыс аумағында іздестіру жұмыстарын жүргізді.
23 жастағы жігіттің жоғалып кеткені туралы өтініш 23 наурыз күні Қосшы қаласының полиция бөліміне келіп түсті. Әкесінің айтуынша, бір күн бұрын жас жігіт оның банктік картасын алып, «Наурыз мейрамын» тойлау үшін елордаға кеткен. Бірнеше сағаттан кейін өтініш берушінің телефонына шоттан ақша алынғаны туралы хабарлама келген, бірақ ұлы үйіне оралмаған және байланысқа шығуды тоқтатқан. Ата-анасының айтуынша, жоғалған жігіт құмар ойындардан зардап шегеді.
Өтініш келіп түскеннен кейін бірден полицейлер іздестіру ісін жүргізіп, жоғалып кеткен күні жас жігіттің қозғалыс бағытын тексерді. Сыртқы бейнебақылау камералары арқылы полицейлер оның елордалық сауда үйлерінің бірінде орналасқан жерін және банкоматтан ақша алу сәтін анықтай алды. Полицияның бір нұсқасы бойынша жас жігіт Астана қаласы аумағынан шығып кеткен.
Полицейлер із-түзсіз жоғалғанның белгілері бар бағдарларды елорда, Ақмола облысының өңірлері мен көршілес облыстардың аумағына таратты. Жедел қызметкерлер такси фирмалары мен жеке тасымалдаушыларды пысықтады.
Іздеу іс-шараларының нәтижесінде 29 наурызға қараған түні жоғалған жас жігіт Көкшетау қаласында табылды. Қазіргі уақытта жас жігіт Қосшы қаласына жеткізілді.