Полицейлер теолог маманмен бірлесіп, сарыағаштық студенттермен кездесті
Түркістан облысының полицейлері теолог маманмен бірлесіп, студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері теолог маманмен бірлесе отырып, Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылдық округінде орналасқан «Сарыағаш Медресе» колледжінің студенттеріне барып, сабақ өтіп қайтты. Мұнда 1-2 курс студенттері арасындағы радикалдық көзқарастарды болдырмау, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, түнгі мезгілде заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрмеу, әлімжеттікті болдырмау сынды түсіндірме жұмыстары жіті қозғалды.
Осы тұста Түркістан облыстық дін басқармасының теолог маманы да жастарға өз ойын айтып, бірнеше мысалдар келтіре кетті. Сабақты өз деңгейінде орындап шыққан полиция қызметкерлері мен теолог маманға жастар да өз көкейтесті сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Осы мақсаттағы кездесулер алдағы уақыттарда да жиі ұйымдастырылып тұратын болады. Жастардың болашағы мен амандықтары үшін облыс полицейлері қолдарынан келгенінше көмек көрсетіп, аянып қалмасы сөзсіз.