Полицейлер ұрлық жасаған ақмолалық тұрғынды анықтады
Полицейлер ұрлық жасаған ақмолалық тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 ақпан күні Көкшетау қаласының полиция басқармасына Петропавл қаласының 48 жастағы тұрғыны ағымдағы жылдың 11 ақпанына қараған түні сағат 02:00-ден 05:30-ға дейінгі аралықта белгісіз адам облыс орталығының шағын аудандарының бірінде пәтерге еркін кіру жолымен 60 мың теңге көлемінде ақша, жеке куәлік және банк карталарын ұрлап кеткені туралы өтінішпен жүгінген. Залал сомасы 179 мың теңгені құрады. Жәбірленуші туыстарына қонаққа келген. Таңертен әйелдің туыстары кіреберіс есіктің табалдырығынан әмиянды қопарылған күйде тапқан.
Бұл факт ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Тұрғын үйдің подъездінде орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеген полиция күдіктінің жеке басын анықтады. Психикалық ауытқулардан зардап шегетін облыс орталығының 29 жастағы тұрғыны есіктің құлыпталмағанын пайдаланып, пәтерге кірген. Жас жігіт бұған дейін тәртіп сақшыларының назарына түскен. Ағымдағы жылдың қаңтар айының соңында сот ақмолалыққа қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығарды. Қазіргі уақытта ол медициналық мекемеде.