Полицейлер жеке күзет ұйымдарының қызметкерлерімен штаттан тыс жағдай туындаған кездегі іс-әрекетті талқылады
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде дағдарыс жағдайы туындаған кездегі жеке күзет ұйымдарының қызметкерлерінің іс-әрекетінің тәртібі талқыланған кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың төрағалығымен өткен кездесу барысында жеке күзет ұйымдарының басшыларына штаттан тыс жағдай туындаған кездегі жедел іс-әрекет алгоритмі айтылды. Тараптар пікірлерімен бөлісіп, алдағы бірлесе атқырылатын жұмыстарды талқылады.
СҚО ПД Күзет қызметін бақылау бөлімінің есебінде күзет қызметімен айналысатын 91 субъект, күзет сигнализацияларын монтаждау, ретке келтіру және техникалық қызмет көрсететін 50 ұйым мен жеке тұлғалар бар. 5366 объекті, оның ішінде жеке күзетпен – 438, орталықтандырылған пульт арқылы бақылау – 4928, оның ішінде 1148 пәтер мен жер үйлер күзетіледі. Күзет ұйымдарының қызметкерлері дайындықтан және қайта дайындаудан өтеді, қызметтік қарулары бар. СҚО ПД КҚББ қызметкерлері оқу-жаттығу сабақтарын жүйелі өткізіп тұрады, оның барысында қарақшылық шабуыл кезінде және басқа да криминалдық жағдай орын алған кезде қандай іс-әрекет жасау қажеттігін пысықтайды.
Жеке күзет ұйымдарының қызметіне тікелей жетекшілік ететін бөлімнің қызметкерлерінен басқа кездесуге криминалдық, әкімшілік полиция, жергілікті полиция, көші-қон қызметі және басқа да қызметтердің басшылығы қатысты. Түрлі дағдарыс жағдайы туындаған кезде жеке күзет ұйымдарының күзетшілерінің нақты іс-әрекеті айтылды. Күзет ұйымдарының басшылығы өз кезегінде өзекті мәселелер мен күнделікті шешуді талап ететін сұрақтарды ортаға салды.
Кездесу соңында пәтер ұрлығы мен басқа да объектілерден ұрлаудың алдын алудың тиімділігі, яғни ғимараттарды орталықтандырылған бақылау пультына қосу туралы азаматтарды ақпараттандыру қажеттілігі жайлы мәселе көтерілді. Бүгінгі таңда техникалық құралдың осы түрі ең сенімділердің бірі болып отыр. Учаскелік инспекторларға қылмыстың алдын алудың заманауи техникалық құралы жайлы қала мен ауыл тұрғындарын белсенді түрде хабардар ету тапсырылды.