Полицейлер жоғалған жылқыларды тәулік ішінде тауып берді
Полицейлер жоғалған жылқыларды тәулік ішінде тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс АПБ-нің кезекшілік бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданады. Оның айтуынша, түнгі уақытта 1,5 жасар екі бас жылқысы қорадан босап шығып кеткен.
Арыстық учаскелік полицейлер болған жағдайды білген сәтте, ауыл-аймақтың барлық жерін тексерді. Қыстаулар мен қораларды мұқият қарап шығады. Нәтижесінде полицейлер тәулік ішінде екі бас жылқыны алты шақырым жердегі ауылдың жайылымдық жерінен табады. Ауа райының қолайсыздығы мен тұманның өрши түсуіне байланысты жылқылар жолдан адасып, ауылдан ұзап кеткен.
Осылайша жоғалған бір жарым жасарлық екі бас жылқы иесіне тапсырылды. Жылқылардың иесі жедел әрекет етіп, ірі қарасын тауып берген полиция қызметкерлеріне рақметін айтты.
– Тәртіп сақшылары менің екі бас жылқымды тауып, үйіме жеткізіп берді. Қырағы полицейлердің арқасында жылқыларым дін аман табылды. Қызметтеріңізге табыс тілеймін. Рақмет сіздерге…, – деді.
Түркістан облысының полицейлері мал жайылымында малдарды қараусыз қалдырмауға және қора-жайларды ашық қалдырмау керектігін айтады. Төрт түлік жоғалса немесе ұрланса, уақыт жоғалтпай полиция бөліміне тез арада хабарласыңыз.