Полиция екі күнде 300-ге жуық қылмыскерді ұстады – ІІМ
24-25 сәуір аралығында ТМД елдерінің аумағында мемлекетаралық және халықаралық іздеуде жүрген адамдарды анықтау және ұстау бойынша жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан ІІМ криминалдық полициясы 291 қылмыскерді, оның ішінде республикадан тыс жерде 31 адамды, шетелдік құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша ел аумағында 173 адамды ұстады.
Мысалы, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген әйел Сочиде ұсталды.
Варшавада іздеуде жүрген ер адам ұсталды. Ол Алматыда көлікті мас күйінде тізгіндеп, адам қағып кеткен. Жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келген.
Кісі өлтіргені үшін 2004 жылдан бері өзбекстандық сақшылармен іздеуде жүрген қылмыскер Алматыда құрықталды.
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында ресейлік әріптестермен 2015 жылдан бері денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін іздеуде жүрген ер адам ұсталды.
Сонымен қатар жоғалған 59 адамның орналасқан жері анықталды.