Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция эстафетасы: күш, төзімділік және кәсіби шеберлік сыналған жарыс

ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы академиясының спорт алаңы бұл күні нағыз жігер мен табандылықтың, ұйымшылдық пен кәсіби шеберліктің алаңына айналды. "Арлан" спорт клубының бастамасымен ұйымдастырылған полиция эстафетасына Қарағанды облысы полиция органдарының аумақтық бөлімшелерінен жасақталған 15 команда қатысып, үздік атану үшін тартысты бәсекеге түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Эстафета тек спорттық жарыс қана емес, полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметте қажет болатын күш-жігерін, төзімділігін, жедел шешім қабылдау қабілетін және командалық үйлесімін сынайтын маңызды алаң болды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – дене даярлығы жоғары қызметкерлерді анықтап қана қоймай, ұжымдық рухты нығайтып, кәсіби машықтарды жетілдіруге серпін беру.

Жарыс газтұмылдырықпен жүгіруден басталды. Қатысушылар шектеулі көру мүмкіндігі мен тыныс алудың қиындығына қарамастан белгіленген қашықтықты еңсеріп, төзімділіктерін паш етті. Кейін ерлер 15 келілік оқ-дәрі жәшігін көтеріп 500 метрге жүгірсе, әйелдер 400 метрлік қашықтықтан кейін Макаров тапаншасын толық емес бөлшектеу мен жинау бойынша шеберліктерін көрсетті.

Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған кезеңдердің бірі – "жараланған әріптесті құтқару" тапсырмасы болды. Шартты түрде жараланған қызметкерді 50 метр қашықтыққа алып шығу барысында қатысушылардың физикалық дайындығы ғана емес, өзара сенімі мен бір команда ретінде әрекет ете білу қабілеті де сыналды. Бұл кезең полиция қызметіндегі серіктестік пен жауапкершіліктің маңызын айқын көрсетті.

Ал қорытынды кезеңде қатысушылар 500 метр қашықтықты еңсеріп қана қоймай, Калашников автоматын толық емес бөлшектеу және қайта жинау бойынша өздерінің жылдамдығы мен дәлдігін сынға салды. Осылайша тәртіп сақшылары жоғары деңгейдегі қызметтік даярлықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Тартысқа толы жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы академиясының командасы жеңіп алды. Екінші орын Қазыбек би аудандық полиция бөлімінің құрамасына бұйырса, үшінші орынды Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің командасы иеленді. Ал Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері төртінші орыннан көрінді.

Бұл жарыс тек үздіктерді анықтап қана қойған жоқ. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің жоғары кәсібилігін, темірдей тәртібін, кез келген жағдайда жедел әрекет етуге дайын екенін және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігін айқын көрсетті. Полиция эстафетасы тәртіп сақшыларының күш-жігері мен қызметке деген адалдығын паш еткен жарқын спорттық шара ретінде есте қалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру