Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция – халықтың қорғаны

Ішкі істер саласындағы әрбір қызметтің өз қиындығы бар, соның ішінде криминалдық полиция қызметі маңызға ие. Қылмысты ашу, кінәлілерді құрықтау барысында жедел әрекет ететін криминалдық полиция саласы қызметкерлерінің, оның ішінде жедел уәкілдердің жұмыстары қиын да күрделі. 

23 маусым – Қазақстан полицейлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осындай жолды таңдап, бүгінгі күні кәсіби шеберлігімен танылып жүрген тәжірибелі тәртіп сақшыларының бірі – Семей қаласы полиция басқармасы орталық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Бауыржан Бұтабаевпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.

Бауыржан Бұтабаев 1989 жылы бұрынғы Таскескен, қазіргі Үржар ауданының Таскескен ауылында дүниеге келген. Бала күнінен тәртіп сақшысы болуды армандаған ол 2013 жылы ішкі істер органдары қатарына қабылданды. Қызмет бабында кәсіби біліктілігімен танылған ол – қазіргі таңда орталық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің басшысы.

Бауыржан Бұтабаев айтуынша, антына адал әр полицейдің бойында білім мен біліктілік, төзімділік пен қажыр-қайрат, сонымен қатар батылдық болуы керек. Әсіресе криминалдық полиция қызметкерінің бойында шапшаңдық пен экстремалды жағдайда тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті болуы керек. Ұстамды, сыпайы болу, азаматтармен тіл табыса білу де аса маңызды.

– Бұл қасиеттер адам бойында туа бітті болатын құбылыс па? Әлде уақыт өте қалыптасатын дағды ма?

– Алғаш қызметке келгенде тәжірибесі мол мамандардың қасында жүріп, біліктілігімізді арттырдық, шыңдалдық. Бір жыл бұрын ғана Семей қаласы облыс орталығы мәртебесін алғанда, біздің бөліністегі қызметкерлер қатары жұмысқа жаңа кірген жас мамандармен толықты. Бүгінгі күні өзіміз де жастарға тәжірибемізді бөлісіп, білмегенін үйретіп, жұдырықтай жұмылып еңбек етіп жатырмыз.
Жас болса да әріптестерімнің әрқайсысының қылмысты ашуға септігін тигізетін мықты жақтары бар. Мысалы, бірі жұмысты тиянақты, жылдам орындайды, екіншісі қылмысты ашуда техникалық құрылғыларды сәтті пайдаланса, тағы бірі аналитикалық ойлау қабілетіне сүйенеді, психологиялық айла-тәсілдер арқылы да қылмыскерді тауып жатады.

Бауыржан Бұтабаев айтуынша, қарақшылық, тонау, ұрлық, ұйымдасқан қылмыс, жеке адамға қарсы қылмыстарды ашу, қылмыскерлерді іздестіру – бұның барлығы да криминалдық полиция қызметінің міндеті. Уақытпен санасуды білмейтін криминалдық полиция қызметінің ерекшелігі – криминалдық полиция бөлімшесінде жұмыс істейтін жедел уәкілдер тіпті кәсіби мерекеде де демалмайды, себебі ешбір қылмыскердің қылмыс жасау үшін әдейілеп күн мен түнді, демалыс пен жұмыс күндерін таңдап жатпайтыны айдан анық. Сол себепті де із кесушілер мереке, демалыс күндері дегенді білмейді. Тіпті кейде олар жұмыс уақытын алмастырып, тәтті ұйқының орнына тынымсыз еңбек етуге де мәжбүр. Жедел уәкіл үшін ең бастысы – өз жұмысын адал атқару, яғни құқық бұзушылыққа жол бермеу, қылмыскерді тауып, қылмысты ашу.

– Тәжірибеңізде өзіңіз ашқан қылмыстардың біріне тоқала кетсеңіз…

– 2016 жылы Шемонаиха аудандық полиция бөлімінде жедел уәкіл болып қызмет істеп жүргенімде, бөлімге зайыбының бір күннен бері үйіне оралмаған айтып бір азамат келді. Ер азаматтың жанындағы әйел адам бір түн бұрын онымен дастарқандас болғанын айтты. Іздестірілушіні соңғы рет көрген әйелді алып, отырыс болған жерге жеткенде, ол осы жерде көңіл көтергендерін, ал таңертең ұйқыдан оянғанда іздестірудегі әйелдің жанында болмағанын жеткізді. Оқиға орнына барсақ, дастарқан жиылмаған, алайда еден мұнтаздай таза, бұл бірден күмән тудырды.
Куәгерлерден жауап алып отырып, жан-жағыма да зер салып қараймын, бір сәтте пештің қуысында тұрған бір орам ақша көзіме ілінді. Ішкі күдігім расталғандай болды. Үйдің иесі кешегі отырыстан соң ұйықтап жатыр екен. Әйелін оятуға жібердім де, өзім сыртқа шығып келуге есікке беттей бергенімде табалдырықтан қанның ізін көріп қалдым. Басшылыққа хабарласып едім, он минутта жетті. Оқиға орнын қарау барысында тағы бірнеше жерден қанның ізін таптық. Алайда үй иелері біз іздеген әйелдің қонақта болғанын, бірақ бірден кетіп қалғанын айтып, сол сөздерінен таймады. Айғақтар болғанымен, тікелей осы жерде қылмыс жасалды деуге тағы келмейді, себебі әйелдің мәйіті жоқ. “Дабыл” жоспарымен жеке құрам іздеуге жұмылдырылды, менімен бірге келген әріптестерім жұмыстарын жалғастырып жатты. Қараша айы болатын. Тысқа шығып, үйдің төбесіне көтерілдім, сол кезде бақшадан сарғайған қарды көзім шалды. Жақындап келгенімде бұл жерге мәйіттің көмілгеніне шүбәм болмады. Мәйітті қазып алған кезде ғана барып, сол үйдегі 1976 жылы туған, бұрын кісі өлтіргені үшін істі болған ер адам кінәсін мойындады.
Тергеу барысында белгілі болғандай, қылмыскер құрбанының сөмкесіндегі ірі көлемдегі ақшаны көріп, оған суық қару жұмсаған. Ақшаны алып, сөмкесін пешке өртеп жіберген. Келесі күні таңертең мәйіттен құтылу үшін қаражаттың бір бөлігіне көлік сатып алған. Қылмыскер айтуынша, біз ол жоспарын жүзеге асыруына кедергі болыппыз.
Жалпы, айта берсек, мұндай мысалдар аз емес. Күн сайын әр түрлі қылмыстар болады. Қылмысты ашуға көбінесе ішкі түйсігіміз көмекке келеді.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – тәртіп сақшыларына жүктелген міндет. Біздің полицейлер халықтың тыныштығын, қоғамдық тәртіпті күндіз-түні қырағылықпен күзетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп келеді.
Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен қызметіне адалдығының арқасында қоғамда тұрақтылық орнап, азаматтарымыздың құқық қорғау органдарына сенімі арта береді.

23 маусым – Қазақстан полициясы күні құтты болсын! Антына адал әріптес, еңбектеріңізге табыс, сәттілік пен абырой тілейміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру