Полиция қызметіндегі бейнетіркеуіштердің көмегі арта түсті
Солтүстік Қазақстан облысының полициясын техникалық тіркеу құрылғыларымен жабдықтау соңғы жылдары қарқынды жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция автокөліктері 360 градусқа айналатын соңғы үлгідегі бейнекамералармен жабдықталса, қала көшелеріндегі тәртіпті қадағалайтын камералардың мүмкіншілігі ұсақ жазуды анық көруге болатын дәрежеге жетті.
Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтар соңғы жылдары айтарлықтай азайып отыр. Облыста қоғамдық тәртіпті сақтау, жол және қоғамдық қауіпсіздікті жүйелі бақылауды қамтамасыз ету мақсатында тәуліктік режимде 1382 бейнебақылау камералары жұмыс істейді, оның ішінде 410-ы облыс орталығында орнатылған. Бейнекамералардың көмегімен ағымдағы жылдың сегіз айы ішінде 12 628 құқық бұзушылық анықталып, 730 қылмыс ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арналған Жолдауында бейнебақылау жүйесін дамыту жөнінде ерекше айтып өтті. Сондай-ақ, полицияның қызметтік ғимараттары мен бөлмелерін бейнебақылау жүйесі арқылы бақылауды тапсырған болатын. Полиция қызметінің ашықтығын және айқындылығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу мақсатында қоғамдық тәртіпті, жол жүрісі қағидаларының сақталуын қадағалап жүрген патрульдік полицияның автокөліктерінде көліктің салонын, көліктің сыртындағы болып жатқанның барлығын тіркейтін бейнекамералар қойылды.
– Бұқараның арасында жүретін сақшылардың әр қадамы қатаң бақылауға алынған. Олардың қызметі барысында келеңсіз жәйттер мен даулы сұрақтар туындайтын сәттер де болады. Осындай мәселелерді шешуде кеудеге бекітілетін бейнежетондардың көмегі зор. Мәселен, тамыз айының соңында Петропавл көшелерінде жол тәртібін қадағалап жүрген патрульдік полицейлерге шетелдік маркалы көліктің жүрісі күмәнді көрінген. Көп ұзамай әлгі көлік тағы да жолығып, шұғыл маневр жасау кезінде бұрылыс белгісін көрсететін шамдарын жақпаған. Жол сақшылары оны дыбыс зорайтқышпен тоқтатып, құжаттарын тексермек болады. Тәртіп сақшысы көлікке бет алып келе жатқанда жүргізуші мен оның жанындағы жолаушының орындарын ауыстырып жатқанын байқайды. Жүргізушінің осыған дейін көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Алайда жүргізуші көлік тізгінінде өзінің отырмағанын айтып ат тонын ала қашқан. Кейін сот отырысында да өзінің заңсыз әрекетін жоққа шығарып, жауапкершіліктен жалтармақ болған. Алайда бейнежетондағы жазба сот отырысында дәлел болып, нәтижесінде ереже бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Полиция қызметінде осындай даулы сәттер жиі кездеседі. Техникалық құрылғылардың мүмкіншілігі полиция қызметінде ерекше көмек көрсетіп, әділ шешім шығаруға септігін тигізеді.