Пробация есебіндегі азамат инспекторға алғысын білдірді
Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған 56 жастағы сотталған азамат аяғын емдетуге көмектескені үшін пробация инспекторларына алғысын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 1997 жылы жол-көлік апатына ұшырып, аяғым сынып, ота жасалды. Бірақ ескі жарақатым соңғы кездері қайтадан ауырып, дәрігерлер ота жасау қажеттігін айтты. Өткен жылы шалыс басып, бекіре балығын заңсыз сатып, пробация қызметіне тіркеуге алындым,- дейді есептегі азамат.
Қалалық пробация қызметінің инспекторы Анар Еспусинова дәрігерлермен байланысып, есептегі азаматқа қалай көмектесуге болатындығын білген.
– Анар қызым жеке емханамен байланысып, емделуге жолдама алып берді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан қаржылай көмекті де алуға жәрдемдесті. Сол себепті инспектор қызға әкелік алғысым шексіз, – деді сотталған ер адам.
Қазіргі таңда ол жеке емханада аяғын емдетіп жатыр. Пробация қызметкерлері алдағы уақытта да есепте тұрған сотталған азаматқа әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра бермек.