Пробация қызметіндегі сотталғандар қарттарға көмек көрсетті
Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты пробация қызметтерінің есебіндегі сотталғандар арасынан құрылған еріктілер мұқтаж жандарға көмек көрсетуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күз айларында қысқа дайындыққа көмектессе, қыста аулаларын қардан тазартып, үйін жинастырып, шаруашылығына қолғабыс болды. Әсіресе еріктілер көктемде су тасқыны мен басқа да ауа райының қолайсыздығынан қиындық көрген ауылды аймақтарда жалғыз тұратын қарияларға көмектер көрсетті.
Соның бірі Бәйдібек аудандық пробация қызметі бөлімінің есебіндегі ерікті тобындағы сотталғандар аудандағы көмекке мұқтаж жандардың үйлеріне барып, шаруаларына жәрдем беріп, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті.
– Басты мақсат аз қамтылған адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету. Бұл акциясы ай соңына дейін жалғасады, – дейді пробация қызмет бөлімшесінің бастығы Талғат Жұмабеков.
Өз кезегінде көмек алған жандар еріктілер мен пробация қызметкерлеріне алғыстарын айтып, жұмыстарына табыс тіледі. Қиын шақта қолдау білдіргендеріне ризашылықтарын жеткізді.