Профилактика – есірткіге қарсы саясаттың маңызды бағыты
Полиция жыл сайын есірткінің заңсыз айналымы саласында екі мыңнан астам қылмысты анықтайды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Алайда есірткі қылмысының жолын кесу – бұл оның орын алуына себеп болатын жағдайлармен емес, тек салдарымен күрес.
Нашақорлық деңгейін төмендету үшін халықтың есірткіге деген иммунитетін ерте бастан қалыптастыру қажет.
Жасөспірімдер мен жастар өздерінің жас ерекшеліктеріне байланысты есірткі тұтынуға және қылмыстық ортаға енуге әуес негізгі топ болып саналады.
Осы аспектілер ескеріліп, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында жасөспірімдермен және жастармен жұмыс жеке тарауға бөлінген.
Яғни, бұл мәселе бірнеше бағытта қарастырылады: денсаулық сақтау органдары нашақорлықты әлеуметтік маңызы бар ауру ретінде танып, оның алдын алу бойынша жұмыс істесе, полиция есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуды, ал білім беру ұйымдары жастар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуді жүзеге асырады.
Жазда жасөспірімдер мен жастарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті. Қалыпты мектеп режимінен шығып, олар тек өз-өздерімен қалады. Сол себепті де осы уақытта кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың арту қаупі бар.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелерін шешуде. Жазғы лагерьлер құрылып, түрлі үйірмелер жұмыс істейді, демалыс орындарында жаппай іс-шаралар өткізіледі. ІІМ жыл сайын полиция органдарында есепте тұрған екі мың кәмелетке толмаған жасөспірім мен қолайсыз отбасылардан шыққан балаларға «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының спорт залдарында тегін жаттығу мүмкіндігін сыйлайды.
Ақмола облысында «Біз – деніміз сау ұрпақпыз» квесті өткізілді. Ойын қатысушылардың есірткінің зияны, одан бас тарту тәсілдері және т.б. туралы білімдерін қалыптастыруға бағытталды.
Жасөспірімдер арасында спортты насихаттауға арналған іс-шараларға аса мән беріледі. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдармен және қоғаммен бірлесіп, 505 мәдени-спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Демалыс кезеңінде ішкі істер органдары оқу орындарындағы профилактикалық жұмыстарға дайындық жүргізеді. Білім беру органдарымен және наркология орталықтарымен бірлесіп, есірткі қолданудың салдарын және есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті түсіндіре отырып, оқушылармен және студенттермен кездесулер өткізу кестесі әзірленді. Айта кету керек, мұндай қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу мақсатында шілде айында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
– Үш күн ішінде полицияға түрлі құқық бұзушылықтар үшін 6400-ден астам жасөспірім жеткізілді, олардың 5700-ден астамы түнде ата-анасының еріп жүруінсіз көшеде болғаны үшін, 150-і бұзақылық жасағаны үшін және 115-і алкогольдік ішімдіктер ішкені және мас күйінде болғаны үшін. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 70 бала мемлекеттік балалар мекемелеріне жіберілді. 3900 кәмелетке толмаған және 5400 қолайсыз отбасы тексерілді, – деп атап өтті ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінде.