Пышақпен қорқытып, кассадан ақша ұрлаған: Ақтауда букмекерлік кеңсеге шабуыл жасағандар анықталды
Ақтауда букмекерлік кеңсеге шабуыл жасағандар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 22 шілдесі күні Ақтау қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне «LOTO-CLUB» букмекерлік кеңсесіне белгісіз екі адамның қарақшылық шабуыл жасағандығы жөнінде хабарлама келіп түсті.
Қаскүнемдер күзетші мен касса қызметкерін пышақпен қорқытып, кассадан 1 150 000 теңге ақша қаражатын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалап кеткен.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері Маңғыстау облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады.
Мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен ұсталғандарға қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.