Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қалта ұрылары ұсталды

Түркістан облысы полицейлері адам көп шоғырланатын орындарда қалтаға қол салатын ұры әйелдерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы аудандық полиция бөлімшесіне халықтық кеңсе арқылы жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, өзінің тұрғын-үйінде кішігірім жиын өткізген күні жатын бөлмесінде тұрған “HUAWEI” маркалы ұялы телефонын белгісіз тұлға ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 50 000-ге жуық теңгені құрады.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша тіркелді.

​​​​​​​​​​​​Оқиға орнына келген аудандық полицейлер күдіктіні ұстауға қажетті барлық шараларды жасады. Көрген-білгендерден сұрастырды. Ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің  жиен сіңлісі болып шықты. ​​​​​​​

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жас қыз өзгенің мүлкіне көзі түсіп, осы әрекетті жасағанын мойындады. Ұрланған ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы “қолхатта”.

​​​​​​Елімізде ұрлық қылмысының ішінде ең көп таралған түрінің бірі – ұялы телефон ұрлығы екені жасырын емес. Өзгенің мүлкіне көзі түскен ұрылар, ұрлауға да, сатуға да оңай ұялы телефондарды жымқыруды әдетке айналдырған. Осындай ұялы телефон ұрлығының тағы бір жайты Ордабасы АПБ-не тіркелді.Бұл жолы кезекші бөлімге, жергілікті тұрғын, әйел арызданып, Ордабасыдан Шымкент қаласына шыққан уақытта, қай жерде екені белгісіз сөмкесіндегі “OPPO” маркалы ұялы телефонын белгісіз тұлға жасырын ұрлап кеткенін жеткізді.

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен енгізілді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 70 000 теңгені құрады.​​​​Полицейлердің жедел-іздестіру жұмыстары барысында күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын, жеңіл жолмен пайда табу мақсатымен ұрлық жасаған әйел екені белгілі болды. Ұялы телефонды өзінің қажеттілігіне пайдаланып жүрген, тәртіп сақшылары телефонды айғақты зат ретінде алып, заңды иесіне қайтарылды. Бас шарасы “қолхатта”.

​​​​​​​​Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды көрсетпей, аузы жабық сөмке ішіне салып қойыңыздар деп кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру