Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облыстық ПД бастығы жұмыс сапарымен Приозерскіге барды

Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов жұмыс сапарымен Приозерск қаласына барды. Сапар барысында қалалық полиция бөлімінің материалдық-техникалық жағдайымен танысып, полиция жұмысын цифрландыру бағытындағы жұмысына баса назар аударды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сондай-ақ облыстың бас сақшысы қалалық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, жиын барысында ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың полицияның алдына қойған басты міндеттері полицияның сервистік жүйеге көшуі, қағаз бастылықтан арылу және жұмыста жаңа тәсілдерді пайдалану бағытындағы міндеттерді жеткізді. Сонымен қоса, Санжар Әділов жеке құрамға Приозерск қаласы жаздық маусымда демалушылардың көп келетінін ескере отырып, жаздық маусым кезінде жол қауіпсіздігі, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұл бағытта полиция жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесе жұмыс жасау керектігін назарға алды.

Жеке құраммен кездесу соңында департамент бастығы қызметіне адал беріліп, жұмыста оң нәтиже көрсеткен қалалық полиция бөлімі, криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Дамир Балабековті, учаскелік полиция инспекторы Дәурен Кенебайды және ішкі істер органдарының ардагері Серік Исеновті департаменттің грамотасымен марапаттады.

Жұмыс сапарының соңында Санжар Әділов қала орталығындағы №1 учаскелік полиция пунктіне ат басын бұрды. Бұл жерде қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы департамент бастығына өздері қадағалайтын әкімшілік аумақтың картасын таныстырып, қанша тұрғын үй, сауда орындары және түнгі көңіл көтеретін орындар бойынша баяндады.

– Қаладағы ерекше бақылауды талап ететін шағын аудандар сіздердің бақылауларыңызда және полиция бөлімінің жедел басқару орталығында қадағалауда болуы тиіс. Ал бейнебақылау камераларының жазбаларын учаскелік полиция инспекторлары өздерінің қызметтік планшеті арқылы көруге жағдай жасалу қажет, – деді департамент бастығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру