Қарағанды облысында экологиялық бақылау күшейіп, құқық бұзушылықтар саны азаюда
Қарағанды облысында экологиялық бақылау күшейіп, құқық бұзушылықтар саны азаюда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында полиция қызметкерлерінің санитарлық-экологиялық талаптардың сақталуын қадағалау бағытындағы күнделікті жұмысы нақты нәтижелер беруде. Бүгінде тәртіп сақшылары экологиялық заңнаманы бұзудың 18 мыңнан астам дерегін анықтаған. Бұл тек құқық бұзушылықтарды тіркеумен шектелмей, заң талаптарын елемеген азаматтар мен ұйымдардың әрекеттерінің жолын кесуге бағытталған жүйелі бақылау екенін көрсетеді. Нәтижесінде 246 ұйым басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынған.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы маңызды жетістіктердің бірі – жергілікті тұрғындармен орнатылған тиімді өзара іс-қимыл. Азаматтардан түскен жедел хабарламалардың арқасында 84 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, жойылды. Мұндай стихиялық қоқыс орындары экологияға ғана емес, тұрғындардың денсаулығына да қауіп төндірген. Бұл өз кезегінде халықтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігінің артқанын көрсетеді.
Заңсыз қоқыс төгу деректерінің алдын алу мақсатында жүргізілген шаралар барысында рұқсат етілмеген қоқыс орындарын ұйымдастыруға қатысы бар 45 жүк көлігінің жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Тәркіленген көліктер айып тұрағына қойылып, экологиялық талаптар толық орындалғаннан кейін ғана иелеріне қайтарылатыны айтылды.
Қарағанды қаласында да бірқатар құқық бұзушылық деректері тіркелді. Мәселен, 41 жастағы тұрғын түнгі уақытта тұрмыстық қалдықтарды бірнеше рет рұқсат етілмеген жерге тастап, шағынаудандардың бірінде заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған. Оның әрекеті полиция тарапынан дер кезінде анықталып, азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ қаладағы демалыс аймақтарының бірінде табиғатқа ұқыпсыз қараудың тағы бір дерегі анықталды. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының бірінің қызметкерлері макулатураны заңсыз төккен. Аталған дерек бойынша оқу орнына 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, қоқыс үйіндісін толық тазарту міндеттелді.
Қарағанды облысының полиция департаменті экологиялық тәртіпті сақтау бағытындағы бақылау мен рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
