Қарағанды облысында жол жүру ережесін бұзудың 2 226 дерегі анықталды
Қарағанды облысында жол жүру ережесін бұзудың 2 226 дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті қызметкерлерімен әр аптаның жұма-жексенбі аралығында жол жүру ережелерін бұзудың алдын алу, көлікті мас күйінде басқаратындарды анықтау мақсатында, «Мас жүргізуші-қылмыскер!» атты жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп тұрады.
Мәселен, осындай жұмыстар барысында сәуір айының 8 мен 10 аралығында полиция қызметкерлерімен 2 226 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 157 факті, көлік басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлесудің 119, маневрлау ережесін бұзған 65, сонымен қатар көлікті мас күйінде басқарудың 23 фактісі анықталды.
8 сәуір күні Балқаш қалалық полиция бөліміне сағат 18.30 шамасында қаладағы шағын аудандардың бірінде жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орынына жедел-тергеу тобы жіберілді. Полиция қызметкерлерімен ВАЗ-21213 автокөлігінің жүргізушісі жол жүру ережесін бұзып, 35 жастағы азаматшаның басқаруындағы Kia Soul автокөлігімен соқтығысқаны анықталды. Ал ереже бұзған жүргізуші оқиға орынынан қашып кеткен.
«Ізін суытпай» қалалық ПБ патрульдік полиция ротасы қызметкерлерімен Амангелді көшесінің бойында жол-көлік оқиғасын жасаған ВАЗ-21213 автокөлігін басқарған 25 жастағы азамат ұсталды. Оны тексеру барысында медициналық куәландыру кезінде жүргізушінің ішімдік ішкені анықталды. Сондай-ақ, 25 жастағы азаматтың 2017 жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды. Ал 2019 жылдың маусым айында жүргізуші куәлігінен айырылғаннан кейін көлікке тағыда мас күйінде отырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.