Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысының полицейлері ер адамды өлімнен арашалады

Қарағанды облысының полицейлері өз-өзіне қол жұмсаған азаматты өлімнен арашалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

29 қазан күні Қарағанды облысы Саран қаласы патрульдік полиция взводының аға инспекторы Қуандық Жұмағалиев пен инспектор Ұлан Молдабаев күнделікті кезекшілікке қызметке түскен.

Сағат түнгі 01.00 шамасында полицейлерге кезекші бөлімнен 1А ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің дәлізінде белгісіз азаматтың шулап жатқаны туралы хабарлама түскен. Полиция қызметкерлері бұл хабарламаны күнделікті болатын шақырту деп түсінген.

– Арада үш-төрт минут уақыт өткенде біз әріптесім екеуміз аталған үйдің дәлізіне кірдік. Жоғары қабатқа көтерілгенімізде екінші-үшінші қабаттың сатысында мойынына төсектің жаймасын байлап, ілініп тұрған азаматты байқадық. Азамат ес-түссіз жағдайда болды. Біз әріптесіміз екеуміз оны бірден ілгіштен шешіп алып, жерге жатқызып, есін жиғыздық. Ол көзін ашып, есін жиған соң бірден жедел жәрдем қызметкерлерін шақырып, дәрігерлердің қолына табыстадық,-дейді аға инспектор Қуандық Жұмағалиев.

Белгілі болғандай, азамат сол үйде тұратын болған. Сол күні ол ішімдік ішкен күйде жолдасымен ұрысысып, соңында өз-өзіне қол жұмсамақшы болған. Дәрігерлердің айтуынша, егер полиция қызметкерлері бірер минутқа кешіккенде, азаматты ажалдан алып қалу мүмкін болмас еді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру