Қарағанды облысының полицейлері студенттерге интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын айтты
Қарағанды облысының полицейлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша студенттерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының полицейлері интернет-алаяқтықтың алдын алу, одан қалай сақтану жолдарын түсіндіру мақсатында студенттердің жатақханаларына барып, жастармен кездесті.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары жатақхана қабырғасына “Абайлаңыз алаяқтар” деген жазба қойып, жатақханада тұратын студенттердің назарын аударды. Акция барысында полицейлер жоғары оқу орнының студенттеріне жеңіл ақша ешқашан болмайтынын, алаяқтық деректерінен қалай сақтану керек екенін түсіндіріп, жадынамалар таратты.
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, жыл басынан бастап 120 студент интернет-алаяқтардың құрығына түскен. Ал 322 студент алаяқтарға жәбірленушілерден түсетін ақшаны алу үшін банк карталарын сатып, қылмыс жасауға қол ұштарын беріп, дроппер атанып отыр. Мәселен, тәртіп сақшылары жүргізген кешенді іс-шаралар барысында өзгелерден банк карталарын сатып алып, алаяқтарға бермекші болған үшінші курс студенті ұсталды.
Полиция департаментінің мәліметі бойынша жыл басынан бастап полицияға 1076 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Банк қызметкерлерімен арада жүргізілген тығыз ынтымақтастықтың арқасында алаяқтар қалтаға баспақ болған 60 миллион теңге өз иелерінің шотында қалды.
Қарағанды облысының полиция департаменті интернет-алаяқтықтың және киберқылмысқа қарсы үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ облыс тұрғындарын әлеуметтік желілерде сақ болуға, алаяқтардың құрығына түсіп қалмауға шақырады.