Қарағанды полицейлері аса ірі мөлшерде «синтетика» тасымалдаған азаматты ұстады
Қарағанды полицейлері аса ірі мөлшерде «синтетика» тасымалдаған азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдерімен бірлескен жұмыстарының нәтижесінде Қарағанды қаласында аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен 34 жастағы Алматы облысының тұрғынын ұстады.
Күдіктіге қатысты жүргізген тінту жұмыстары барысында 171 орам ұнтақ тәрізді заттар тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың жалпы салмағы 191 грамм қатты әсері бар синтетикалық есірткі заты екені белгілі болды. Ұсталған азамат Қарағанды қаласына есірткіні жасыру арқылы сатуға келгенін мойындады.
Есірткі заттарын ол Алматы қаласында көтерме сауда бағасымен алып, кейін мыңнан аса жазылушысы бар әлеуметтік желісі арқылы Қарағанды және Жезқазған қалаларында сатқан. Қазіргі уақытта аса ірі көлемде есірткі сату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды.