Қарағандыда бейнебақылау камерасы ұрлықтарды ашуға себеп болды
Қарағандыда бейнебақылау камерасы ұрлықтарды ашуға себеп болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 сәуірде Қарағанды қалалық ПБ Орталық полиция бөліміне 29 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Ол көп пәтерлі үйдің кіреберісінде қалдырған балалар арбасын белгісіз біреу ұрлап кеткен айтты. Шығын сомасы 40 мың теңгені құрайды.
Қылмыс болған сәт оқиға орнына жақын жерде орнатылған бақылау камерасына түскен. Бейнежазбада 40-45 жастағы ер адамның жәбірленушінің арбасын аулада сүйретіп алып кеткені көрсетілген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
16 сәуірде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 43 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол ұрланған арбаны сатқанын айтып, қылмысын мойындады. Заттай дәлелдемелер алынды.
11 сәуірде Қарағанды қалалық ПБ Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 67 жастағы қала тұрғынынан өтініш келіп түсті. Өтініш беруші автоорталықтардың бірінде жұмыс істейтіндігін айтты. Бұл сервистік кәсіпорында өзін клиент ретінде таныстырған бір әйел оның жанына келіп шұғыл қоңырау шалу үшін телефон сұраған. Ұялы телефонмен біреумен бірнеше минут сөйлесіп болған соң құрылғыны қайтарған ханым автоорталықтан жылдам шығып кетеді. Өтініш беруші бірнеше минуттан кейін оның шотынан 240 мың теңге белгісіз біреуге аударылғаны жөнінде СМС-хабарлама алған. ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Автоорталық орналасқан аудандағы бейнебақылау камералары бойынша полиция қызметкерлері бұрын ішкі істер органдарында есепте тұрған Шахтинск қаласының 33 жастағы тұрғынын анықтады. Бірнеше күннен кейін ол ұсталып, полицияға жеткізілді. Қаскүнем қылмыс мойындады. Бүгінгі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.