Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда өткен "Open Air" фестивалінде полиция 50 жоғалған баланы ата-анасымен қауыштырды

Қарағандыдағы "Open Air" фестиваліне 10 мыңнан астам адам жиналып, жоғалған 50 бүлдіршін табылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында дәстүрлі "Open Air" музыкалық фестивалі өтті. Ауқымды шараға жанды музыканы сүйетін 10 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы жиналды. Табиғаты көркем жерде ұйымдастырылған фестивальде өнерпаздар өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Келушілер санының көп болуына байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды облысының полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарды.

Фестиваль барысында адамдардың көп шоғырлануына байланысты мектепке дейінгі жастағы 50-ден астам бала ата-анасынан уақытша көз жазып қалған. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында барлық бүлдіршін қысқа уақыт ішінде табылып, ата-аналарына аман-есен тапсырылды.

Көпшілік қатысқан ауқымды іс-шара кезінде қоғамдық тәртіп толықтай сақталды. Фестиваль барысында қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты бірде-бір дерек тіркелген жоқ.

Полиция азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты тұрақты түрде жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру