Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда қоғамдық қауіпсіздікке бағытталған ауқымды саптық таратылым өтті

Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайту мақсатында ауқымды жалпы саптық таратылым өтті. Іс-шараға Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы, сондай-ақ Астана қаласы мен Ақмола облысынан келген полиция қызметкерлері қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты жиын гарнизон сапына жиналған тәртіп сақшыларының алдынан Ту ұстаушы топтың жүріп өтуімен басталып, Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен жалғасты. Одан кейін облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов жеке құрамның қызметке дайындығын тексеріп, олардың саптық әзірлігін бағалады.

Тексеру нәтижесінде полиция қызметкерлерінің алдағы міндеттерді орындауға толық дайын екеніне көз жеткізген ведомство басшысы нақты тапсырма жүктеді. Ол өз сөзінде өңіраралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, Астана қаласы мен Ақмола облысынан барған әріптестерге алғысын білдірді.

– Бұл – өзара іс-қимылдың, тәжірибе алмасудың және күш біріктірудің жарқын көрінісі. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – біздің басты міндетіміз. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу – күнделікті жұмысымыздың негізі. Сондықтан патрульдеуді тиімді ұйымдастырып, жедел әрекет етуге әрдайым дайын болу қажет. Құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстану – басты талап, – деді Негмет Исмагулов.

Жалпы саптық таратылымға патрульдік полиция батальоны мен полкі, Ұлттық ұлан жауынгерлері, учаскелік инспекторлар, жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері және елордадан келген арнайы батальон қызметкерлері сонымен қатар полицияның қоғамдық көмекшілері мен күзет агенттігінің өкілдері қатысты. Олар өңірде құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу бағытында бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Айта кетейік, бұған дейін демалыс күндері ұйымдастырылған осындай профилактикалық іс-шаралар барысында бірқатар құқық бұзушылықтардың жолы кесілген. Атап айтқанда, үш күн ішінде мас күйінде көлік басқарудың 17 дерегі анықталып, бұрын жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан қайтадан рөлге мас күйінде отырған 4 жүргізуші ұсталған.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу.

– Мас күйінде көлік басқару – ауыр құқық бұзушылық. Егер мұндай әрекеттер дер кезінде тоқтатылмаса, оның салдары қайғылы жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін, – деді ол.

Ауқымды саптық таратылым полиция қызметкерлерінің салтанатты шеруімен қорытындыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру