Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда сотталғандардың "Үміт-2026" шығармашылық көрмесі ашылды

25 маусымда Қарағанды қаласындағы облыстық бейнелеу өнері мұражайында облыс мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың қатысуымен өткен "Үміт-2026" қолданбалы өнер бұйымдары мен суреттерінің облыстық байқауының көрмесі ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Үміт-2026" байқауы – сотталғандардың өмірге деген көзқарасын, ішкі жан дүниесін, сезімі мен ой-толғамын өнер арқылы жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды жоба. Сонымен қатар бұл бастама олардың өкініші мен үмітін, өмірге деген жаңа көзқарасын шығармашылық арқылы білдіруіне, рухани тыныштық пен үйлесім табуына ықпал етеді.

Осы мақсатта Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 2000 жылдан бері дәстүрлі түрде "Үміт" облыстық сурет және қолданбалы өнер байқауын өткізіп келеді.

Биылғы байқауға барлығы 44 сурет пен 31 қолданбалы өнер туындысы ұсынылды. Картиналар кескіндеме, графика және басқа да бағыттарда орындалса, қолданбалы өнер бұйымдары гипс, көмір, пластик, картон, ағаш, пенопласт секілді түрлі материалдардан жасалған.

- Байқауға ұсынылған туындылар тек оқшауланған ортадағы өмірді ғана бейнелемейді. Олар авторлардың табиғаттың сұлулығына, отбасы жылулығына, туған үйге, арман-мақсаттарына, қоршаған әлемге деген көзқарасын, жан дүниесіндегі үміті мен ізгі ниетін де айқын көрсетеді, – деді "Құрмет" орденінің иегері, мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының және Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Жанат Кәкенұлы Комутов.

Қазылар алқасының құрамына Қарағанды қаласы Суретшілер одағының және облыстық бейнелеу өнері мұражайының өкілдері енді. Жүлделі орындарға ие болған жұмыстар республикалық кезеңге жолдама алады.

Көрме Қарағанды қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін 2 шілдеге дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру