Қарағандылық полицейлер браконьерлермен күресті күшейтті
Қарағанды облысында заңсыз балық және қоян аулаған браконьерлер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының полицейлері «Браконьер» жедел – алдын алу іс-шарасының аясында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтады.
13 қазан күні Нұра аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Охотзоопром» қызметкерлерімен бірлесіп, Нұра ауданы Құланөтпес ауылы, Нығман бөлімшесінің маңындағы Құлан өзенінен Ақмола облысы Қорғалжын ауданының үш тұрғынының заңсыз балық аулау фактісін анықтады.
Балықшылардан жалпы салмағы 255 кг болатын 5 қап балық, атап айтқанда 194 кг шортан, 9 кг көксерке, 21 кг сазан, 31 кг мөңке және екі қайық, екі ау, сондай-ақ пышақ алынды.
Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) бойынша тіркелді.
14 қазан күні Жезқазған қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері «Охотзоопром» қызметкерлерімен бірге Ұлытау ауданы, Ақтас ауылының аумағын аралау барысында «Тoyota Hilux» автокөлігін тоқтатқан.
Автокөлікті қарау барысында 16 калибрлі қару, екі қоянның еті және қолшам алынды.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337- бабымен (Заңсыз аңшылық) қылмыстық іс қозғалды.
Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.