Қарағандылықтың пәтерін қонақтары тонап кетті
Қарағандылықтың пәтерін қонақтары тонап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қазанда Қарағанды қаласының ПБ Киров полиция бөліміне 43 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу пәтерден жұмысында қолданатын барлық құрал-сайманын ұрлап кеткен. Сонымен қатар, ұры өзімен бірге пәтер иесінің ұялы телефонын алып кеткен. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 114 мың теңгені құрады.
Мән-жайды анықтай келе, сол күні жәбірленушінің пәтеріне көптеген қонақтар келгені белгілі болды. Қонақтардың бірі үй иесінің ұйқысын пайдаланып, бағалы заттарды қолды қылған. Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицейлер күдіктілерді – 35 жастағы ер адам мен 44 жастағы әйелді анықтап, ұстады. Олар қылмысын мойындады. Айғақты заттар алынды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.