Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қараусыз қалған жылқылар иесіне қайтарылды

Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен жылқыларды иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы аудандық полиция бөлімшесіне арызданған аудан орталығының тұрғыны бірнеше жылқысынан көз жазып қалғанын айтып, көмек сұраған еді.

Темірлановка ауылының маңында жайылымда жүрген бес бас жылқы осыдан бір апта бұрын жоғалып кеткен екен. Арыз иесі ол жылқылардың жалпы құны – бір миллион теңгеден асатынын айтты.

Зейнет жасындағы әйел қолдағы малын алдымен өз бетінше тауып көруге тырысқан. Ақыр соңында нәтиже болмаған соң полициядан көмек сұрауға мәжбүр болды.

Тәртіп сақшылары әйелдің арызын полиция бөлімінде тіркеп, жылқыларды мобильді топтарға бөлініп алып іздеген еді. Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері жоғалып кеткен малдың бәрін де тауып, заңды иесіне қайтарып берді.

Ордабасы ауданының тұрғыны Патима Шалкеева жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Жылқыларды алдымен өзіміз табуға тырысқанбыз. Бірақ таба алмағасын полицияға жүгіндік. Тәртіп сақшыларына рахмет, олар күн-түн демей іздеп, тауып берді. Сол еңбектері үшін полиция сапындағы жігіттерге алғысымды айтып, жұмыстарына табыс тілегім келеді.» – деп ағынан жарылды зейнеткер әйел.

Түркістан облысының полицейлері үй жануарларын қараусыз қалдырмау керек екенін ескертеді. Малды жайылымға қою үшін бақташы жалдап, әр малға ен-таңба салдырған дұрыс. Қолдағы мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда азаматтар өз бетінше іздеп уақыт жоғалтқаннан, дереу арада «102» телефоны арқылы полицияға хабарласқаны жөн.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру