Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Ерлерден қалмай, жұмыс істеуге дайынбыз”

Әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz сайты оқырмандарды құқық қорғау органдары саласында жұмыс істейтін табысты әйелдермен таныстыруын жалғыстырады.

Біздің кезекті кейіпкеріміз – Орынқыз Меңдібаева. Азаматтық қорғау подполковнигі. 20 жылдан астам өмірін төтенше жағдай саласына берген қызметкер. Көптеген жылдар бойы облыстық аппаратта басшылық қызмет атқарған есіл еңбегі үшін былтыр республикалық басшылық оған тағы бір маңызды бағытты міндеттеді. Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғаныс саласындағы апаттық тәуекелдерді азайту және бақылау бөлімінде басшы орынбасары болып еңбек етіп келеді.

– Әдетте, офицерлер сапында ерлер жағы басым. Сондықтан да болар, біздің жүйеде әйел-офицерлер көп емес. Көбіне бұл салада олар телефоншы болып жұмыс істейді. Бірақ біз әлеуметтік статусымызға қарамай, өз жұмысымызды ер азаматтармен бірге тең дәрежеде жүргізе білуіміз керек деп санаймын. Департаменттің мойынға алған жүгі жеңіл емес. Сол себепті қатардағы барлық қызметкер, оның ішінде әйелдер жағы да тәуліктің кез келген мезгілінде аяққа тік тұрып, «дабылмен» көтерілуі мүмкін, – дейді кейіпкеріміз.

Азаматтық қорғау органдары әртүрлі құрылымдарды біріктіреді. Олар үшін ең бастысы – төтенше жағдай кезінде жан баласын күн мен түннің кез келген уақытында құтқару. Белгілі бір оқиға туралы ақпарат түскен бойда санаулы секундтар ішінде диспетчер шақырту орнына кімді жіберу керек екенін білуі шарт. Өрт сөндірушілердің, болмаса құтқарушылардың, бәлкім дәрігерлердің немесе полицияның, газ қызметінің, тіпті электриктердің көмегі қажет болар? Міне, диспетчер осының бәрін ескере отырып, тиісті шешім қабылдай білуі керек.

Әрине, біздің қоғамда погон таққан әйелдер жағы жеткілікті. Жұмыстың ауырлығына, жауапкершілігіне қарамастан біздің кейіпкер әрқашан сүйкімді де қамқор ана болып қала берері сөзсіз. Орынқыз Молдабекқызына қажымас қайрат, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз!
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру