«Қауіпсіз жол»: бір тәулікте 4 түркістандық жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды
Түркістан облысында «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында төрт азамат көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-ның жеке құрам қызметкерлерімен автомобиль жолдарында жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті арттыру мақсатында «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Мұнда тәртіп сақшылары мас күйінде көлік жүргізуге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге, төтенше жағдайды жасауға, басып озу, жол қозғалысы, маневр, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне, қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбауға және ұялы телефонмен сөйлесуге байланысты ережелерді анықтауға назар аударады.
Осындай шара барысында аудан бойынша жалпы 350-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде төрт жайт масаң халде көлік құралын басқарған жүргізушілерге қатысты. Осы азаматтарға қатысты медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес мас күйлері анықталған. Содан соң ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін аудандық сотқа жолданған болатын. Бүгінде сот алкогольдік ішімдік ішіп, автокөлік тізгіндеген жүргізушілерді ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алыну туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысқан екі азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды)жүзеге асыру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оң шешім қабылдау мақсатында Ордабасы аудандық сотына жолданды.
Түркістан облысының полицейлері, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге, жолаушыларға ережелерді қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Жол қателікті кешірмейді!