Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстан полициясы күні: ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІО қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтады

Бүгін қазақстандық тәртіп сақшылары өздерінің кәсіби мерекелері – полиция күнін атап өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі “Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы” Заңын қабылдады, онда қазақстандық полицияның міндеттері мен функциялары айқындалды.

2007 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым полиция күні болып бекітілді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев еліміздің барлық полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

“Құрметті ардагерлер, әріптестер! Баршаңызды Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздік алғалы ішкі істер органдарының қызметкерлері елімізде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын сақтау жолында қызмет етуде. Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының жұмысына ерекше көңіл бөліп отыр.

Халықтың полицияға сенімін арттыру үшін, сервистік модельге көшу жалғасуда. Ведомстволық білім беру жүйесіне реформа жүргізілді. Қызметкерлердің әлеуметтік және материалдық жағдайы жақсарды. Жалақы көтеріліп, тұрғын үйге компенсация алатын қызметкерлер саны өсті. Бұл – полиция қызметкерлерінен жоғары жауапкершілікті және қызметтік міндеттерін адал атқаруды талап етеді.

Төтенше жағдай мен карантин кезінде қызметкерлер тек өздерінің тікелей міндетін атқарып қана қоймай, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін дәрігерлермен бірге алдыңғы шепте жүрді.

Елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар күшін салған қызметкерлердің еңбегі жоғары бағаланды. Тәуелсіздік алғаннан бастап, 1,5 мың қызметкер мемлекеттік наградамен марапатталды. Өкінішке орай, Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде 802 қызметкер қаза тауып, 2650 адам жарақат алды. Біз антқа адал болған әріптестерді ешқашан ұмытпаймыз. Батырларымыздың рухына мәңгілік тағзым!

Ардагерлеріміздің де полицияның дамуына қосқан еңбегі ерекше. Жас қызметкерлерді тәрбиелеп, жаңа форматтағы полицияның бейнесін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін үлкен алғыс білдіремін.

Құрметті ардагерлер және әріптестер! Бүгінгі кәсіби мереке күні Сіздердің отбасыларыңызға зор денсаулық, бақыт пен байлық, Отанымыз – Қазақстан Республикасын өркендету жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін!”, – деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру