Қазақстан Республикасындағы ЕҚЫҰ миссиясының басшысы полиция реформаларына өз бағасын берді
Қазақстандық полицейлер тиімді жұмыс істей алады және реформаларға дайын. ЕҚЫҰ-ның республикадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Елші Дьердь Сабо осындай пікір білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дипломат Қазақстандағы полиция реформасының барысы туралы жан-жақты сұхбат берді. Ол бұл жұмысқа барлық тараптар – ел басшылығы да, қоғам да, полицейлердің өздері де мүдделі екенін, сол себепті бұл оңай әрі жылдам процесс емес екенін атап өтті.
– Бәрін бір түнде өзгерту мүмкін емес. Эволюция көп адамдарды тарта отырып, қоғамда көбірек түсінік тудыруы мүмкін, – деп атап өтті ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы миссиясының басшысы.
ЕҚЫҰ Ішкі істер министрлігін жаңғыртуға белсенді қатысады және сарапшылық қолдау көрсетеді. Ынтымақтастықтың бір мысалы – Қарағанды облысындағы пилоттық жоба болды, оның барысында елеулі зерттеу жұмыстары жүргізілді, әлеуметтік өлшемдер жасалды, қазақстандық полицейлерге Ұлыбританиядан келген әріптестері консультация берді.
– Бүкіл жүйе жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып құрылуы тиіс, оны Қазақстан халқы, Қазақстан полициясы және азаматтық қоғам құруы тиіс. Бұл сіздердің жүйелеріңіз, Ұлыбритания, Германия немесе Грузиядағы реформаны алып, оны дәл солай көшіруге болмайды. Әрине, олардың тәжірибесі өте құнды, бірақ мен сайып келгенде, Қазақстанда жасалған реформаны көреміз деп ойлаймын. Сіздің қоғам басқалардан өзгеше. Сіздер өздеріңіз үшін не жақсы екенін білесіздер. Барлық факторларды ескере отырып, сіздер өз реформаларыңызды жүзеге асыра аласыздар, сіздің полицияның қызмет көрсету моделі қалыптасып, ол қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес келетін болады, – деді Дьердь Сабо.
ЕҚЫҰ миссиясының басшысы халықаралық ұйымның Қазақстан ІІМ-мен ынтымақтастығы ұзақ мерзімді және жүйелі болады деп сендірді.
– Біз Үкіметтің, ІІМ басшылығының қауіпсіздік проблемаларын шешу бойынша жаңа тәсілдерді құруға ұмтылатынын және ішкі істер органдарын жаңғыртуға сенімді бағыт алғанын көріп отырмыз, – деп атап өтті ол.