Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстандықтарды 263 млн теңгеге алдап кеткен “банк басшысы” Санкт-Петербургте ұсталды

Қазақстандықтарды 263 млн. теңгеге алдап кеткен “банк басшысы” Санкт-Петербургте ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2019 жылы Қарағанды қаласының ПБ-на белгілі бір азаматтың алаяқтық әрекетінің құрбаны болған азаматтардан өтініштер түсе бастады. Анықталғандай, күдікті өзін банктердің бірінің басшысы ретінде таныстырып, инвестициялық бағдарламаға ақша салу үшін халықтан қаражат ала бастаған. Бұл ретте ол инвестицияланған соманың 1 пайызы түрінде күнделікті дивиденд төлеуге уәде берген.

Қарағандылықтардың көпшілігіне мұндай ұсыныс пайдалы көрінді. Олар жиған-тергендерін алаяққа аударып, оның орнына қаржы мекемесі директорының атынан алаяқтың қолы қойылған кепілдік хаттарды алған. Бастапқыда алаяқ “инвесторларға” біраз соманы беріп, кейін байланысын тоқтатқан. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 263 миллион теңгені құрады.

Аталған факті бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті – банктердің бірінің қызметкері 31 жастағы ер адам сотқа дейінгі тергеу барысында құқық қорғау органдарынан қашып кеткені белгілі болды. Күдіктіге қатысты Қарағанды қаласының мамандандырылған тергеу соты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдап, оған халықаралық іздеу жариялады.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында күдіктіні ұстады. Ол Ленинград облысының изоляторларының біріне орналастырылды. Қазіргі уақытта ұсталған азаматты Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілуде, – деп хабарлады Қарағанды облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру