ҚАЖД қызметкерлері мұқтаж отбасыларға көмектесті
Алматы облысының ҚАЖД қызметкерлері мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласының тұрғыны Меруерт жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Елдегі пандемияға байланысты отбасы басшысы жұмыссыз қалды. Олар балаларға төленетін жәрдемақыны пәтер жалдауға жұмсайды.
Тағы бір қала тұрғыны Света 2-топтағы мүгедек болып табылады. Жақындарынан айырылған әйел қатарынан төрт инсульт алғандықтан дұрыс сөйлеу қабілетінен айырылған.
Осы орайда Алматы облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері көпбалалы ана мен мүгедек әйелге өмірінің қиын кезеңінде көмектесу туралы шешім қабылдады. Осы мақсатта жиналған қаражатқа қызметкерлер барлық қажетті азық-түлік өнімдерін сатып алды.
– Біздің қызметкерлер ұйымдастырған көмек мұқтаж жандар мен олардың балалары үшін күтпеген тосынсый болды. Әсіресе, Меруерттің 6 жастағы ұлы Самат қатты қуанды. Себебі Саматтың бала арманы – полиция қызметкері болу екен, – деді Департамент бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.
2020 жылы Алматы облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері 40-тан астам отбасыға көмек көрсетті.