Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түзеу мекемесінде жаңа кәсіпорын ашылды

Қызылордада сотталғандар ас салатын ағаш астау жасап жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде жүйелі жүргізіліп келеді.

Бүгінгі таңда  ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік  аймағында 11 кәсіпкер жұмыс істеп, сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Онда сотталған азаматтар әк өндіру, газоблок, құм блоктарын өндіру, колөнер мен аяқ киім тігу, кірпіш өндірісі, пластик терезелер шығару, жалюзи дайындау, автокөліктерді жөндеу, жұмсақ жиһаз даярлаумен айналысады.

Жақында осы мекеменің өндірістік аймағында тағы бір жұмыс орны  ашылды. Бұл жұмыс орнында ағаштан түйін түйген төрт сотталған азамат қолөнер бұйымдарын жасайды. Олар қазіргі таңда сұранысқа ие, ет салатын ағаш астау жасап жатыр.

Бізге астаудың  жасалу ерекшелігін жазасын өтеуші азамат түсіндіріп берді.

– Алдымен астау жасауға қажетті ағаш түрін таңдап аламыз, ол ағаш жай ағаш емес, қайың, терек, үйеңкі сияқты ағаш болуы керек. Астау жасауға арнайы шапқы, қашау, пышақтың түрлері қажет. Бір астауды жасауға шамамен бір аптадай уақыт кетеді. Астауды ағаштан қашап, формасын келтірген соң, сыртына ою салып, сәндейміз. Негізі астауды жылқы майымен майлап отырған дұрыс, сонда ол өзінің сапасын да, реңін де жоғалтпайды, – деді ол.

– Астау жасау аса төзімділікті, қажыр-қайратты қажет етеді. Өзімде ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын едім. Енді міне мекеме аумағынан қолөнер бұйымдарын жасайтын жұмыс орны ашылып жатыр. Қазіргі таңда ұлттық өнерге деген сұраныс жоғары. Астауға тапсырыс өте көп түсіп жатыр, мерзімінде орындап беруге тырысамыз. Еңбек жалақымызда уақтылы төленіп жатыр, – деді сотталған азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру