ҚАЖК төрағасының орынбасары Маңғыстау облысына іссапармен барды
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Дамир Тайжанов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Маңғыстаудағы жұмыс сапарының барысында Дамир Тайжанов департамент басшылығымен бірге ҚАЖ мекемелерін, оның ішінде сотталғандардың тұрғын үй-жайларды, асханаларды, өндірістік аймақтарды, сондай-ақ медициналық бөлімдерді аралап шықты.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №43 мекемесінің өндірістік аймақтарын қарады. Атап айтқанда, шыны пластикалық бұйымдарды өндіретін цехтың жұмысымен танысып, сотталғандардың еңбек етіп жатқан аумағын көріп шықты. Д.Тайжанов сотталғандар еңбек ететін жұмыс орындарын құру үшін жеке кәсіпкерлерді мекеменің өндірістік аймағына тарту бойынша жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруды тапсырды.
Мекемелерді аралау барысында Дамир Тайжанов тергеу изоляторы мен түзеу мекемелеріндегі бейнебақылау жүйелерімен толықтай қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарға ерекше назар аударды. Сонымен қатар, ол арнайы контингенттің өтініштері мен арыздарын беру үшін арналған терминалдардың жұмысын тексерді.
Сондай-ақ, қару-жарақ қоймасы мен арнайы жоспарларын тексеріп, қарап шықты. Сонымен қатар, төраға орынбасары қызметкерлердің жауынгерлік дайындықтарын тексерді.
Д. Тайжанов №42 түзеу мекемесін (ГМ-172/6) аралап шықты. Айта кету керек, 2021 жылы түзеу мекемесінің екіқабатты жатақхана ғимараты құлап, қайғылы жағдай орын алған болатын. Тексеру нәтижелеріне сәйкес, мекеменің барлық ғимараттары апатты танылды. Осыған орай, Дамир Тайжанов келесі жылы қаражат мәселесі қарастырылатынын жеткізіп, департамент басшылығына бірқатар тапсырмаларын берді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Дамир Тайжанов өңірлік ҚАЖ департаментінің басшылығымен және жеке құрам қызметкерлерімен кездесу өткізіп, мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жолдауына сәйкес мекемелерде жаппай бейнебақылау орнату, сотталғандардың ұстау режимін қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді.